Әділ Нұрмақов, Мерейлім Қален: Міндетіміз – келешекте өз бетімен жұмыс істей беретін диалог формалары мен тәсімдер жасау
Ädil Qala жобасының авторларымен мақсат, міндет және биліктің реакциясы туралы әңгіме
— Ädil Qalaжобасын жасауға не түрткі болды?

Мерейлім: Кенияда үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Just City жобасынан шабыт алдым. Ол жақта да сол жобаға Фридрих Эберт қоры қолдау көрсетеді: ондағы әріптестеріміз қаладағы практикаларға ықпал етіп, жергілікті қоғамдастықтармен де, шешім шығаратын тұлғалармен де диалог орната алды. Біз сол тәжірибені Қазақстанда қайталап көрейік деп ұйғарып, оны кіммен бірлесіп істейміз деп ойлана бастадық. Әуелі ойға келген, әрине, бұған дейін түрлі жобаларда қаладағы әділет тақырыбын көтеріп жүрген Urban Forum Kazakhstan болды. Сөйтіп, Әділге және оның әріптестеріне хабарласа бастадық.

Әділ: Шынымен, Urban Forum Kazakhstan былтыр қалаларды әділ жоспарлау мәселелерімен шұғылданған, сол шаруада біздің жұмысымыз ең алдымен Қазақстан қалаларындағы орталық емес аудандарға және қаладағы процестерде мүддесі ескерілмей жататын топтарға арналғаны әсіресе маңызды. Бұл әділет мәселесіне тікелей қатысты, өйткені қала билігі көп ретте шеткері аумақтарға азырақ көңіл бөліп, қала тұрғындарын шешім қабылдау процесіне араластырмайды. Оған қоса, Фридрих Эберт қоры сүйенетін идеологиялардың бірі – әлеуметтік теңдік пен адам құқығы. Осы тұрғыда біздің ойымыз бір нүктеде тоғысып, Ädil Qala деген ортақ жобаға ұласты.

Мақсаттарыңыз не және жоба қай топтарды көздейді?

Әділ: Жобаның түрлі кезеңдері мен формалары түрлі топтарға арналған. Түпкі мақсатымыз әділет, түрлі топтар мүддесін көздеу мәселелері шешім шығару барысында ескерілсе дейміз. Белсенділер, эксперттер және қарапайым қала тұрғындары айтарымды айта аламын және дауысым жетер жеріне жетеді деп сенетіндей болуы керек. Біз әділетке жетудің негізі ретінде диалог қалыптастыруға жағдай жасаймыз.

Қазір зерттеу жұмысымен бірге жұртшылықтың хабардар болуын арттыру және диалогқа қатысатындар қатарын кеңейту үшін ақпараттық жұмысты да қатар алып келе жатырмыз. Осы процесс қоғамда жұрттың мүддесі бар әрі «жылдам жеңіске» жеткізе алатын, қала билігі тарапынан қарсы қадам жасалуы мүмкін тақырыптар мен бағыттарды көруге көмектесетін шығар деп сеніп жүрміз.

Мерейлім: Иә, жақында әлденені өзгертуге келеді-ау дейтіндей недәуір аясы тар бағыттарды анықтауға кіріспекпіз. Алдағы жұмыс – проблемалар мен олардың шешімін картаға түсіру, оларды індете талқылау. Бастысы – әділет идеясынан көз жазып қалмау. Біз барынша көп аудиторияны қамтығымыз келеді, сондықтан біз жариялайтын материалдар қазақ және орыс тілдерінде, жұртқа ұғынықты болатындай етіп жазылады. Оларды шешім шығаратындар да, осы процеске араласып, қаламның жай-күйіне алаңдаймын дейтіндер де түсіне алғаны маңызды. Акторлардың бәрін қатыстыруға тырысып өткізіп жатқан іс-шараларымызда да осындай тұрғыны ұстанамыз.

Фотография: ÄdilQala NETWORK
Жобаға соншама кең аудиторияны қатыстыру неге маңызды дейсіздер?

Мерейлім: Бұл демократиялық процестердің ажырамас бөлігі: алуан түрлі топтар, мүдделер мен пікірлер араласпаса, қаланы өзгерту мүмкін емес. Өзгеріске міндетті түрде пікірталас ілесе жүруі керек.

Бұл жоба туралы қала билігі біле ме?

Әділ: Біреулер біз іс-шарамызға шақырған соң біліп жатыр, алайда билік әзірге бізге әкімдік басқармаларындағы орта буын қызметкерлерін ғана жолдайды. Қала билігі қатысқаны, әрине, маңызды, олар да диалогтың бір тарабы болуы керек қой.

Мерейлім: Биылғы көктемде өткен алғашқы іс-шараларымызға шақырған кісілер жауап қатқан жоқ, есесіне кейінірек осы жобаны қоғамдық кеңестің отырысында таныстырыңдар деп өтінді. Біз де қарсы ұсыныс айттық – баршаға – журналистер, зерттеушілер, белсенді азаматтар мен билік өкілдеріне арнап өткізіп жатқан ресми таныстыруға келіңіздер дедік. Сол кезде әкімдік өкілдері жобамен алғаш танысты.

Жалпы билік бейкоммерциялық бастамаларға қалай қарайды?

Әділ: Алай-былай деп айта салған қиын, реакция алуан түрлі болады. Әсіресе, олар әлдебір жобадан өздеріне тактикалық басымдық не PR-эффект ала аламыз десе, көбірек ашылып, қызыға бастайды, алайда жүйені өзгерту туралы сөз бола қалса, онда елемеу режимін қосады не қорғанысқа көшеді. Әзірге жобамызға биліктің реакциясы қандай боларына болжам жасай алмаймын, тек әйтеуір бір реакция болары анық: қазір түрлі деңгейде естіп жүргеніміздей, басым саяси күн тәртібі әділдік идеясымен көп тоғысады ғой.



Дәл өздеріңіз неге қаланы дамытуға мүдделісіздер, неге сіздерге осы маңызды?

Мерейлім: он бір жылдан бері Алматының тұрғынымын. Өзге тұрғындар сияқты мен де күн сайын әділетсіздік көремін. Ең көрінетін де сезілетін түрі – ауаның сапасы деуге болар. Тағы бір мысал – қоғамдық көлік. Мен қоғамдық көлікпен жүргенді жақсы көремін, сонымен жүргім келеді. Алайда Қазақстанның қалаларында қоғамдық көлік қауіпсіз әрі жайлы емес, әсіресе әйел адамдарға жайсыз. Мысалы, өз басым кешкі сегізден кейін такси шақырып жүргенді жөн көремін.

Әділ: Мен кезінде өз қаламның тарихы, қалай дамығаны туралы блог жүргізетінмін. Күндердің күні ол негізінен проблемалар ғана айтылатын блогқа айналып кетті. Өйткені жағымды тақырыптардан проблемалар көбірек екен. Оған қоса, менің кәсіби әуестігім – азаматтық қоғам. Диссертациям да үкіметтік емес ұйымдардың билік құрылымдарымен қарым-қатынасы туралы. Сол бір 2010 жылдардың ортасында қаладағы қозғалыстар мен бастамалар көбейіп, өсе бастағанда, зерттеуші ретінде маған ол ерекше қызық болды. Оны нағыз азаматтық қоғам қалыптасуының маңызды кезеңі деп санаймын.

Urban Forum Kazakhstan қалаға арналған жобалар жүргізіп келе жатқанына біраз болды. Солардың қайсынан нақты прогресс шығара алдыңыздар?

Әділ: 2017 жылдан бері қала құрылысы мен архитектураға қатысты шешім шығарудағы ашықтыққа қол жеткізбек болып келеміз, міне биыл қала құрылысы кеңесі құрылды. Біз қалағандай болмаса да, бұл кәдімгідей ілгері басқан қадам болды. Тактикалық жеңістер туралы айтсақ, бірнеше жергілікті жобаны іске асыра алдық, тозып кеткен тұрғын үйді жаңарту бағдарламасы реформаланды, бюджет жобасын жетілдіруге қатыстық, жолдағы қозғалыс қауіпсіздігі мен қоғамдық көлік мәселелеріне араластық. Қазір әлеуметтік тұрғын үй жөніндегі үлкен жобаның жұмысын аяқтап жатырмыз, оны да адвокация деңгейіне шығарсақ деген үмітіміз бар.

Ал Қазақстандағы Фридрих Эберт қоры немен айналысады?

Мерейлім: Қор түрлі жобаларды бастап, атқарады, бастысы – олар демократия құндылықтары: еркіндік, әділет және ынтымақпен байланысты. Жобалар түрлі бағытта болады: зерттеу, аналитика, практика, мысалы, жастармен, климат, гендер, ядролық қарудан арылумен байланысты салаларда қарқынды жұмыс істеп келеміз.

— Ädil Qala жобасы мақсатының бәріне жете алады десек, ол неден көрінеді?

Әділ: Алдағы жылдың басында ары қарай қалай жұмыс істейтінімізді нақты көре аламыз. Оның бірнеше шарты бар: кім бізге серіктес болады, әділ қала мәселелері қатарындағы қай бағыттар белсенділер мен зерттеушілерді қызықтыра алады деген сияқты. Мен қалайтын нәтиже – қала билігі, бизнес өкілдері және қаладағы процестердің өзге де тараптары біз сүйенетін негізгі принципті мойындаса деймін. Ол принцип қалалар әділ дамуы керек, ол үшін үнемі, тұрақты, шынайы әрі әр тарап тең қатыса алатын диалог керек. Біздің міндетіміз – кейін бізсіз де бола беретіндей тәжірибе, диалог форматын және әлдеқандай бір тәсімдер жасап кету.