Жанар Дәулетова: қолжетімді қалалық орта – әмбебап әрі негізгі құндылық
Қазанда өткен Ädil Qala Network іс-шарасына қатысқандар өздері жүргізіп жатқан зерттеулері туралы айтып, қалаларды дамыту тәсілдері туралы идеяларын ортаға салды. Солардың кейбірімен жұмысы және мақсаты туралы жеке сөйлесіп көрдік. Бүгінгі сұхбаттасушымыз – қолжетімді орта мәселесімен айналысып жүрген зерттеуші Жанар Дәулетова
– Жанар, күзде біздің Ädil Qala Network деген іс-шарамызға қатысып, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігінің тең құрылтайшысы екеніңізді айтқансыз. Ол бірлестік не істейді?

– Қоғамдық бірлестік Kedergisiz KZ деп аталады. 2020 жылғы желтоқсанда тіркегенбіз. Бірнеше тең құрылтайшысы бар, көбі – арбамен жүретін мүгедектігі бар қыздар, сондықтан проблема мен міндеттің ауқымын бір кісідей түсінеміз. Қазір мүгедектігі бар әйелдердің құқығына арналған бірнеше жобаны әзірлеп жатырмыз.

– Қолжетімді орта мәселесі – мүгедектігі бар адамдар өмірінің сапасын арттыру жолындағы басты кедергі деуге бола ма?

– Әрине, қолжетімді орта адамның қоғамға кірігуі, бейімделуі, әлеуметтенуіне, өз қалауы мен мақсатын іске асыруына ықпал ететін басты факторлардың бірі екені сөзсіз. Қолжетімді орта мүгедектігі бар адам өмірінің сапасына тікелей әсер етеді. Ол адамның мүгедектігі қандай санатты, қандай типті екеніне де қарамайды.

Қазір мен қолжетімді орта мүгедектігі бар адамдар өмірінің әлеуметтік-экономикалық жағына қалай ықпал ететінін зерттеуге қызығып жүрмін. Көбіміз белгілі бір мемлекеттік жәрдемақы алғанымызбен, қолжетімді ортадағы өмір жұмыс істеуге, өз әлеуетімізді іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады, ай сайынғы жәрдемақы төлеміне тәуелді болмауға мүмкіндік береді, тұтастай алғанда еліміздің экономикасына үлес қосып, қоғамның ішінде болуға мүмкіндік береді.

– Сөйте тұра қолжетімді орта мүгедектігі бар адамдарға ғана қатысты мәселе емес қой?

– Өйткені қоғам алуан түрлі адамдардан құралады, бәріміз өзгешеміз. Бұл жағынан алғанда, біз өмір сүретін жағдайлар қаншалықты жайлы екені ғана емес, біз не нәрсеге қол жеткізе алатынымыз да қалалық орта сапасының деңгейі қандай екеніне байланысты. Пандустарды мүгедектігі бар адамдар ғана пайдаланбайды ғой: олар баласын коляскаға салып алып жүретін аналарға да, уақытша жарақаты бар кісілерге де, балаларға да, тіпті скейтбордистерге де керек. Өзім тұратын үйдің алдына Атырау әкімдігіне айтып пандус салдырғанмын, енді қазір соны балалар пайдаланып, ойнап, сырғанап жүргенін көремін.
Қолжетімді қалалық орта – әмбебап әрі негізгі құндылық. Біз Қазақстанда оны үйреншікті, тұрақты әрі заманауи қылуымыз керек.
– Осы оқиғаға, елдің дамуына үлес қосу үшін не істеуге болады?

– Атырауда да, Қазақстанның өзге облыстарында да, әлеуметтік эксперименттер жасалған: шенеуніктер пандустарды сынап көріп, олармен көтеріліп, түсіп көріп, сол істелген жұмыс нормативтерге мүлде сай емес екенін өздері тексеріп көрген, алайда ондай эксперимент бір реттік қана және жергілікті жердегі мүгедектігі бар адамдарға ғана тиімді болуы мүмкін, ал қалалық ортаны трансформациялауға қала тұрғындарының барлық санаты қатысуы керек.

Осы мәселе туралы ағартушы воркшоптар өткізіп, адамдарға қаладағы жағдайлар олардың өміріне қалай ықпал ететінін, қалалық ортаны өзгертудегі заманауи тұрғылар әрқайсына қандай өзгерістер әкелетінін көрсеткен жақсы болар еді. Қала тұрғындарының өзі қала тірлігіне қатыса алса әлдеқайда нәтижелі болар еді.

– Қазір Қазақстанда қалалық ортаны пайдалану сізге қаншалықты қиын? Қалалық ортадағы қай нүктелердің проблемасы көп?

– 10 балдық шкаламен өлшеп, 1 балл – ең жақсы, ал 10 балл - ең жаман нұсқа десек, 8-9 балл деген баға қояр едім. Жақсартатын тұсы көп: инфрақұрылым да, көлік те, қоғамдық және әлеуметтік мекемелер де, демалыс орындары да – қаладағы адамдар пайдаланатын жердің бәрін жақсарту керек.

Жұмыс істеліп жатқан сияқты, әсіресе Алматы мен Астана сынды ірі қалаларда өзгерістер болып жатқан сияқты көрінгенімен, шындап келгенде нәтиже белгіленген ережелерге сай емес. Мысалы, мен Астанада жүргенде көлік жолдың шетімен, көліктермен қапталдасып жүргенді жөн көремін, өйткені жаяу жүргінші жолымен жүрсем, ол жолдың аяғында бірдеңеге барып тірелетінімді, ол жерден өзім түсіп кете алмайтынымды білемін. Сондықтан әлі атқаратын жұмыс тым көп.

Бастысы – қазір бар проблемалардың бәрін егжей-тегжейлі зерттеп, қалалық орта қандай болуы керек деген өз моделімізді жасап алып, сол модельді ұстану керек. Әзірге қалалар кеңістігінің жарақталуы қалай болса солай жүріп жатыр, оған қала тұрғындары, әсіресе қимыл-қозғалысында қиындық бар топтар қатыса алмайды. Қазір біздің урбанистикадағы алдыңғы қатарлы принциптерді ұстанып, өзіміз тұратын қаламызды баршаға, ең алдымен өзімізге жайлы да ыңғайлы етуге мүмкіндігіміз бар.