Алматыға жұмысқа, оқуға барып, түнемелге қала маңына қайтатындар бар. Маятник сапарлар – көп адамның күнделікті күйбең тірлігінің ажырамас бөлігі әрі жолға неғұрлым көп уақыт жұмсалса, өзге шаруаларға керек күш те, мүмкіндік те азырақ қалады. Қала маңында тұратындардың көбі үшін баратын жеріне жетудің негізгі құралы – қоғамдық көлік, ал бағыттар мен автобустар жетпеген соң, олар кептелістің кесірінен ұзақ жүруге ғана емес, автобус күтуге де артығымен уақыт бөлуге мәжбүр болып жатады.
Кенжехан Қабдесов Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарын Алматымен жалғап тұрған қоғамдық көлікпен жүрген қаншалықты қолайлы екенін талдайды. Оның «Автобус күткенде: Алматы маңындағы тұрғындардың көлік мәселесін шешу» мақаласының негізгі тезистерін карталарға салып ұсынып отырмыз, ал материалдың өзі adilqala.kz
сайтында жарияланған.
«Ädil Qala: Қазақстан қалаларындағы әлеуметтік әділдік» кітабы – қазақстандық авторлардың азаматтық қоғамның маңызды істерге араласуы, инфрақұрылым, инклюзия, экология, адамдардың білім алу және денсаулық сақтау құқығына қол жеткізуі мәселелерінің шешімі туралы зерттеу материалдарының жинағы.
Басылым 2022 жылы Қазақстандағы Фридрих Эберт атындағы қордың өкілдігі мен Urban Forum Kazakhstan негізін қалаған Ädil Qala жобасы аясында 2023 жылғы шілдеде жарық көрген.