Дүниежүзінің ірі әрі дамыған қалалары жеке автокөлік қала тұрғындарының негізгі қозғалыс құралы бола алмайтынын баяғыда түсінген. Бұған сандар да дәлел. Зерттеушілер қала тұрғындары кептелісте тіреліп қалмауы үшін қала ауданынан көлік жолдарына қай бөлігі бөлінуі керек екенін есептеп көріпті: әр көлікке 150–200 шаршы метрдей жол керек екен. Бұл – орындалмас шарт әрі оны қиындататын тағы бір жағдай: қала билігі кептелісті азайтамын деп жолдарды кеңейтсе болды, қаладағы жеке көлік мінетіндер көбейіп шыға келеді. Ақырында, проблема шешілмек түгілі, шиеленісе түседі.
Қала тұрғындарын жеке автокөлігінен қоғамдық көлікке қалай көшіреміз? Қаржылай жағынан алғанда, Қазақстанда жеке көлік ұстағаннан қоғамдық көлікпен жүрген тиімдірек. Бір жүргенің – 80 теңге, күнделікті ары-бері жүреміз дегенде, жылына жолақы шығыны 58 400 теңге болады екен. Ал жеке көлік иесіне бұл ақша күнделікті 10 шақырым жүргеніне ғана жетеді, оның сыртында көлікті күтіп ұстау, жөндеу, сақтандыру және басқа да шығыны бар.
Әйткенмен, қалай жүріп-тұратынын таңдағанда, адам әдетте сапарының ақшалай шығынын ғана емес, өзіне жайлы болғанын да ескереді ғой – ал көбінесе аузы-мұрнынан шыға толып тұратын, кестедегі уақытымен жүрмейтін, жолда өзгелерге жол беріп тұруға мәжбүр қоғамдық көлікке қарағанда, жеке көлікпен жүрген жайлырақ екені даусыз. Бұл проблеманы өзге елдер қалай шешкеніне үңіліп көрейік. Оларда:
— бүкіл қала аумағында мультимодаль қоғамдық көлік желісі дамыған;
— көліктен көлікке ауысып мінетін тораптар ыңғайлы;
— көлік қозғалысын бақылап, бағдар құруға арналған заманауи ІТ жүйелер бар;
— көлік салондары арзан мен жайлының арасынан таңдамай, қоғамдық көлікке сұранысты өтейтіндей кең әрі жайлы.
Қаладағы көлік кептелістері мен көлік жолдарын әділ жоспарлау құзыреті жергілікті биліктің қолында, алайда сарапшылар мен қала қоғамдастықтары пікірталастар және қоғамдық көліктің артықшылықтары туралы хабардар ету арқылы шешім қабылдауға ықпал ете алады.