Равқат Мұхтаров: халық өз мәселесін айтуға дағдыланбаған
Сұхбат: Оразай Қыдырбаев
Сурет: Малика Ауталипова

Равқат Мұхтаров Алматы қаласының тумасы. Ол былтыр Алматы қаласында таза ауа үшін @taza_aua_ushin бейбіт митиңін ұйымдастырып, қоғам назарын маңызды мәселеге аударған болатын. 2022 жылдан бері Алматы мен Астана қалаларының ластану көздерін зерттеп, ауа ластануы қала тұрғындарының денсаулығына қалай әсер ететінін анықтап келеді. Равқат қазіргі сәтте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Биосфера экологиясы» зертханасында жұмыс істейді. Биыл наурыз айында өткен сайлауда өзін Алматы қаласындағы №7 сайлау округі бойынша тәуелсіз кандидат ретінде ұсынды.


Мамандығыңыз – экономист. Биосфера экологиясы зертханасына қалай келдіңіз?


Мені біліктілігім бар сала бойынша көмектесу үшін, яғни зерттеулерге үлес қосу үшін осы биосфера экологиясы зертханасына шақырды. Біз мұнда қалқыма бөлшектердің адам денсаулығына әсерін анықтау мақсатымен пәнаралық зерттеулер жүргіземіз. Алматы, Астана қалалары бойынша талдаулар жасаймыз. Сондай-ақ, бұл зерттеулер аясында қалқыма бөлшектердің әсерінен болатын өлім-жітім көрсеткішін, экономикалық залалды есептейміз. Осы біліктіліктер аясында өз жұмысымды жасаймын, сондай-ақ зертханада эксперимент жүргізуге көмектесемін. Бұл үшін химия саласында өте терең білімің болуы да шарт емес. Белгілі бір құрылғыны арнайы нұсқаулықпен-ақ қолдана аласың. Бастысы, жаңа нәрсені жылдам үйрене алуың шарт. Қысқаша айтқанда, өз білім-қабілетімді пайдаланып пәнаралық зерттеулер жүргіземін, сонымен қатар арнайы магистр дәрежесін қажет етпейтін іске – зертханалық эксперименттерді іске асыруға көмектесемін.


Ауа ластануынан болатын адам өлімінің экономикаға зияны қандай? Оны қалай өлшейсіздер?


Ластанудың денсаулыққа әсерін есептеу өте қиын. Бұл үшін Алматыдағы адамдар қалай ауырып, неден қайтыс болатынын анықтайтын клиникалық зерттеулер жүргізу қажет. Дегенмен мұны анықтауға көмектесетін есептеу әдістемелері бар. Әрине, дәлме-дәл санды шығарып бермейді, дегенмен болжалды, бірақ жеткілікті дәл көрсеткішті шығаруға болады. Ластану деңгейінің өлім-жітімге әсерін немесе ластану деңгейіндегі өзгерістің кейбір ауру түрлеріне қалай әсер ететінін есептеуге көмектесетін арнайы модельдер бар. Регрессиялық талдау (түрлі статистикалық деректер арасындағы байланыстарды талдау) арқылы немесе осындай модельдер көмегімен ластанудың әсерін анықтауға болады.


Жоғарыда айтқан модельдер түрлі мемлекетте жүргізілген медициналық зерттеулер негізінде дайындалған және бұлар ауаның ластануы, әсіресе ауадағы PM2.5 көрсеткіші өкпе қатерлі ісігі, тыныс алу жүйесіндегі созылмалы аурулар, жүрек қан-тамыр аурулары сияқты ауруларға қалай әсер ететінін анықтайды. Артынша осының бәрі ауаның ластануынан болатын экономикалық шығынға ауыстырылады.


Экономикалық залалды анықтау үшін де құны тым қымбат зерттеулер жүргізу қажет. Өкінішке қарай Қазақстанда мұндай зерттеулерге қаржы бөліне бермейді. Дегенмен бұл жерде де басқа елдерде тәжірибеден өткен модельдер көмекке келеді. Экономикада өмірдің статистикалық құны (The value of a statistical life) деген түсінік бар. Айталық, ауаның ластануынан мың адам қайтыс болса, өмірдің статистикалық құны көмегімен мемлекеттің немесе қаланың экономикасына келген шығынды шамалап есептеуге болады.


Біз осындай модельдерді пайдаланып, сондай-ақ регрессиялық талдаулар жасап, Алматы мен Астанада ауа ластануынан қайтыс болу көрсеткішін анықтауды, сондай-ақ кейбір ауру түрлерін, нақтырақ айтқанда, ауру түрлеріне әсерін есептеуді жоспарлап отырмыз. Бұл әрі қарай бізге экономикалық шығынды бағалауға көмектеседі. Әрине, бұл жете бағаланбаған, тым консервативті санау (яғни шынайы көрсеткіштен анағұрлым төмен болжалды көрсеткіш) болып шығатыны анық. Дегенмен осындай зерттеу дағдарыстың көлемін қоғам болып түсінуімізге көмектеседі.


Алматы қаласы ауасы өте лас қалалардың қатарына жатса да, тұрғындардың көпшілігі бұл проблемаға аса назар аудармайтындай көрінеді. Мұның себебі неде болуы мүмкін?


Шын мәнінде, тұрғындар ауаның ластану проблемасына назар аударатын сияқты. Мысалы, мен кіммен сөйлессем де, қоғамның қай тобымен тілдессем де, олардың барлығы осы мәселенің бар екенін білетін болып шығады, барлығы бұл мәселеге алаңдайды. Бірақ неліктен біз оларды естімейміз? Неге олардың үні шықпайды? Менің ойымша, халық өз проблемасын айтуға дағдыланбаған. Олар мемлекетте мұндай ауқымды мәселелелер шешілетініне үйренбеген. Сондықтан да ауаның ластануы туралы үлкен талқыларды ести бермейміз. Бұл жерде мынаны түсіну маңызды деп ойлаймын: халық әкімдікке, мәслихатқа, парламентке, президентке шағымданудан үмітін үзген. Себебі олардың бұл шағымдары елеусіз қалады. Міне, осы нәрсе тұрғындардың ауа ластануы мәселесін кең талқыламауына себеп болып отыр. Тек ластанған ауа емес, бүкіл проблемаға қатысты, мысалы, транспортқа да қатысты проблемада осыны байқаймыз. Адамдар лық толы автобуспен жүргенді ұнатқаны үшін емес, ол мәселе бәрібір шешілмейтінін білгені үшін оны көтеріп, талқылаудың мағынасын көрмейді.


Алматы қаласының ауасын не ластап жатыр, таза ауаны қалай қалпына келтіре аламыз?


Ауаны ластайтын бірнеше фактор бар. Алматыдағы ауаның ластануы өте күрделі және кешенді проблема екенін түсінуіміз керек. Бұл мәселенің бірнеше қайнаркөзі, туындауына себеп болып жатқан бірнеше факторы бар. Бірінші маңызды қайнаркөз – бұл, әрине, жылу электр орталығы. ЖЭО-2, ЖЭО-3 әлі күнге көмірмен жұмыс істейді. Осы екеуі ғана ауаның ластануына өте қомақты үлес қосады. Екінші қайнаркөз – автомобильдер. Бізде заманауи стандартқа сай келмейтін автомобильдер өте көп, олардан көп мөлшерде зиянды қалдық бөлінеді. Өкінішке қарай, бұл осы уақытқа дейін еш реттелмей келеді. Үшінші қайнаркөз, әрине, бұл – көмір жағатын жеке сектор. Бұған Алматының шетіндегі немесе қалаға жақын маңдағы жеке үйлер жатады. Бұл да ауаның ластануына зор үлес қосып отыр.


Бұны қалай жөндей аламыз? Біріншіден, жылу орталықтар толығымен газға көшіру керек. Сонымен қатар жеке сектордың барлығын газбен қамтамасыз ету қажет. ЖЭО-2 газға ауыстырылуы үшін 2026 жылға дейін әлі 3-4 жыл уақыт бар. Осыған дейін Қазақстанның ең лас көмірін емес, көмірдің мейілінше таза түрін пайдалана тұру керек. Қазақстанның ең лас көмірі дегенім артық болған шығар, алайда біздің жылу электр орталықтарда көмірдің біршама лас түрі жағылады.


Бұдан бөлек, сөзсіз, қоғамдық көлікке жағдай жасау қажет. Яғни адамдар автокөліктен түсіп, қоғамдық көлікке мінуіне шарттар жасалуға тиіс. Бұл дегеніміз – қаладағы тұрғындардың санына шақталған жайлы да жылдам автобустар, заманауи жайлы да жылдам трамвайлар. Автокөліктер – ауаны ластап жатқан екінші ірі қайнаркөз. Жалпылай алғанда, адамдардың автокөліктен қоғамдық көлікке ауысуы үшін кешенді шаралар, кешенді шешімдер қабылдануы керек.


Жақында зертханадағы әріптестеріңізбен жазған зерттеу мақалаңыз маңызды ғылыми журналға жарияланғалы жатқанын естідік. Осы жұмыс туралы айтып бере аласыз ба?


Иә, әріптестерімізбен бірге дайындаған мақала халықаралық ғылыми журналда жарияланды. Бұл мақала Қазақстандағы ауаның ластану мәселесін қарастырудың кешенді тәсілдерін сипаттайды. Біз 2021 жылдың деректері негізінде ауаның ластану көрсеткіші қалай өзгергенін түрлі параметр бойынша қарастырамыз. Тәулік бойы ауадағы лас бөлшектер көрсеткіші қалай өзгеретінін бақылаймыз. Ең төмен көрсеткіш күн шығатын уақытта болады, сосын ол ақырындап көтеріліп, күндіз ең жоғары деңгейге жетеді. Бұл ауаның ластануы мен адамдардың өмір сүру циклы және белсенділігі бір-бірімен қатты сәйкесетінін білдіреді. Халық жұмысқа шығып, үйлер, ғимараттар көбірек қызмет етіп, отынды көбірек тұтына бастаған сәтте ауа да ластана түседі. Осындай қызық тұжырымға келдік. Одан бөлек, маусымдық өзгерістерге назар аудардық. Қыс және күз сияқты күн суық болып, жылыту жүйесі қосылатын жыл мезгілдерінде ауаның ластануы қатты артады. Ауа массаларының қозғалысы да Қазақстандағы ластануына қалай әсер ететінін қарастырдық. Сонымен қатар, басқа елдерден лас бөлшектердің желмен ұшып келу ықтималдығы бар екенін байқаймыз. Сондай-ақ метеорологиялық параметрлердің ауа массасы қозғалысына, ауа ластануына әсерін қараймыз. Яғни ішкі қайнаркөздерден бөлек, ауа ластануына әсер ететін сыртқы факторлар да бар. Біз бұл зерттеу арқылы ауа ластануы мәселесін кешенді түрде шешу үшін сыртқы факторларды да жақсылап түсініп алу қажет екенін көрсеткіміз келеді.